Оғыз қаған

Түркі өркениетінің бастауы, түрік мемлекеттілігінің құрушысы, барша түрік тектес халықтардың атасы.

435862
Оғыз қаған

Қандай да бір өркениеттің қалыптасуы үшін сол өркенеттегі адамдардың басын қосып тұратын Ұлы тұлғалар болады. Мысалға, Батыс өркениетіндегілердің ортақ тұлғасы – Иса пайғамбар. Сол секілді Қытай өркениетінің осындай тұлғаларының бірі Конфуци болып табылады. Түркі өркениетінің қалыптасуында осындай рөл ойнаған тұлға – Оғыз қаған.

Оғыз қаған туралы ғылымда әр түрлі пікірлер қалыптасқан. Кейбіреулер оны аңызда ғана өмір сүрген адам десе, енді кейбіреулер оны Ұлы Ғұн қағаны Маудүн, яғни Мөде яки Мете деп есептейді. Қытай деректерінде Маудүн деп жазылған атаудың түрік тіліндегі Баатыр яғни Батыр деген сөздің қытайша жазылуы деген пікір бар. Не болса да Ұлы Ғұн шанюйі – Оғыз қаған болуы мүмкін. Өйткені Оғыз қаған туралы аңыздарда Оғыз өз әкесін өлтіреді. Ал қытай деректерінің біліруіне қарағанда, Маудүн де өз әкесі Таумынді, мүмкін түрікше Түмен я да Тұманды, өлтіреді.

Бұл ұқсатудың негізінде қисын бар. Өйткені Түркі өркениеті Ұлы Ғұн үстемдігі кезеңінде қалыптасты. Көктүріктердің ғұндардың жалғасы екендігін қытай деректері де мойындайды. Басқаша айтқанда, Маудүн далалық ру-елдердің басын қосқан қаған ретінде Түрік өркениетінің басында тұр. Ал бүгінгі шежіре дәстүрінде түріктер өз тегін Нұх пайғамбардың баласы Яфестің тоғызыншы ұрпағы Оғыз Қағанға апарып тірейді. Бұл шежіре дәстүрі Юдаизм, Христиан және Ислам сынды кітаби діндердің ықпалында қалыптасқан болуы мүмкін. Десе де бұл жерде Оғыз Қағанның болуы түріктердің оны өз аталары деп санағандығын көрсетеді.

Жалпы аңыздарда түріктер өздерін Озған пайғамбардың үмбетіміз деп танытады. Мәшхүр Жүсіп Озған дегендері Оғыз хан екен ғой деп топшылайды. Қысқасы, Оғыз Қаған түріктердің атасы болып саналады. Содан болар «оғыз» атауы сол Оғыз Қағаннан тараған бүкіл түркі халықтарын қамтиды. Орхон тасжазбаларында оғыз атымен түрік аты кейде қатарласып, тіркесіп келеді, кейде бірінің орнына бірі қолданылады.

Ал енді кейбір ғалымдар Құран Кәрімде өтетін Зүлқарнайнды Оғыз қаған болуы мүмкін деген пікір айтады. Өйткені бұл жерде Оғыз Қаған мен Зүлқарнайн арасында бірнеше ұқсастық бар. Біріншіден, зүлқарнайн сөзінің мағынасы «мүйізді» дәлірек айтқанда «қос мүйізді» дегенді білдіреді. Ал түрік тілінде «з» жұрнағымен аяқталатын сөздер негізінен жұп атауларды, қос заттарды атау үшін қолданылады. Мысалға, егіз, көз, тіз яғни тізе, жаңағы айтқан мүйіз. Тіпті өгіз сөзінің негізінде де екі оғы бар деген мағына да жатуы мүмкін. Осы жерден Оғыз атауына барсақ, оғыз деген сөз өгіз сөзінің жуан нұсқасы.

Бүгінгі қазақ тілінде «мүйіз» сөзі артық болу, алға шығу, озу дегенді білдіреді. Мысалға, қазақтар бір нәрсені жасауға тырысып жасай алмай қалғанда, «соны істегенде, мүйіз шықты ма» деп айтады. Әрине адамға мүйіз шықпайды. Бірақ десе де бұл сөз тіркесінің астарында, мүйізді болу, мүйізі шығу деген ұғым артық болып алға шығу дегенді білдіреді. Малға жықын түркі өркениетінде қойларды да әдетте мүйізді текелер бастайды емес пе. Тіпті Түркі қағанатының билеуші әулетінің таңбасы да мүйізді тау ешкісі еді. Бүгін Қазақстан Республикасының елтаңбасында белгіленген Ғұн-сақ дәуірінен қалған Алтын Адамның үстіндегі ою-өрнектің арасынан мүізді ат бейнесі табылған.

Қорыта айтқанда, мүйізді болу тіркесі бұрынырақ қазіргідей болымсыз мағынада емес, болымды мағынада қолданылған болуы ықтимал. Олай болса, Оғыз атауы қос мүйізді яғни Зүлқарнайн мағынасын білдіреді.

Оғыз Қаған мен Зүлқарнайн арасындағы тағы бір ұқсастық – екеуінің де көп жорық жасаулары. Зүлқарнайнның бейнесі әлемде әділдіктің орнауы үшін күрескен, шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті бағындырған патша сипатында. Ал Оғыз Қаған туралы аңыздарда да оның бейнесінде көп елдерге жорық жасаған жихангер патша сипаты бар. Зүлқарнайнның төрт тарапқа жасаған жорықтарына ұқсас бейнелеу тәсілі Орхон тасжазбаларында кездеседі. Көктүріктер бұлай бейнелеу тәсілін өздерінен бұрынғы Ұлы Ғұндардан тіпті одан да бұрынғы Сақ дәуірінен мұра қылып алған болуы мүмкін. Грек тарихшысы Геродот скифтердің жиырма сегіз жыл бойы әлемді билегендіктерін жазады. Ал француз ғалым Шаванн түріктердің он екі жыл бір мүшел күнтізбесін зерттей келе, түріктердің атам заманда маймыл, қолтырауын сияқты түркі даласында кездеспейтін жануарлар мекендейтін жерлерді билегендігі туралы қорытынды жасайды. Бәлкім есте жоқ ескі замандардан хабар беретін бірақ өкінішке орай ұмыт болып жоғалып кеткен Алып Ер Тұңға осы Оғыз Қағанның шын аты шығар.

Зүлқарнайн мен Оғыз Қаған арасындағы ең маңызды ұқсастық – екеуінің де әлемге тыныштық пен әділдік орнатуы. Құрандағы әңгімеде Зүлқарнайн әлемде бүлік шығаратын және ғаламдағы тепетеңдікті, табиғаттағы теңгерімді бұзатын Яжүж пен Мажуч халықтарын тежеп ұстап тұру, оларға тосқауыл болу, әлемдегі түзімді қорғау міндетін солтүстік шығыстағы бір халыққа тапсырады. Тәпсір ғалымы Елмалылы Хамди Языр бұл аманат тапсырылған халық – түріктер деп жазады. Расында Махмут Қашқаридің келтірген хадистерінде түріктер Алланың әскерлері ретінде сипатталады. Әлемде бүлік шығып, аласапырап басталғанда, Алла сол түрік әскерлері арқылы тәртіп пен бейбітшілікті оранатады.

Оғыз Қаған туралы ойымызды жинақтайтын болсақ, ол – Түркі өркениетінің бастауы, түрік мемлекеттілігінің құрушысы, барша түрік тектес халықтардың атасы.



Ұқсас жаңалықтар