Гиресун қала орталығындағы тарихи ғимараттар

Капитанның борт журналы - 9

1990734
Гиресун қала орталығындағы тарихи ғимараттар

Гиресун қала орталығындағы тарихи ғимараттар

«Жиһангез» қайығының қадірлі қонақтары.

Қайығымызға қош келдіңіздер. Қаратеңіздегі сапарымыздың бүгінгі аялдамасы – Гиресун. Әлемге танымал жер жаңғағы, шиесі, ұзын жағалауы, жап-жасыл жайлаулары және бай тарихымен Гиресун сіздерді күтіп тұр.

**

Гиресун Қаратеңіздің бай кен ресурстарын пайдаланғысы келген Милет колониялары тарапынан құрылған.  Тарих бойы әрдайым маңызды қала болған. Рим, Византия, Селчук, Османлы секілді елдердің билігінде болған.  Сапарымызды осы кезеңдерден қалған іздер көрінетін Гиресун мұражайынан бастайық. Бір кездері шіркеу болған осы ғимарат бүгін күні мұражай ретінде қызмет көрсетіп тұр. Православ шіркеуі ретінде салынған Гогора немесе Әзіз Николай шіркеуі едәуір назар аударарлық ғимарат. Шіркеу көп уақыт бойы ғибадатхана міндетін атқарады.  Артынан реставрация жасалып,  мұражайға айналдырылған. Мұражай Гиресун қамалының етегінде, жағалауда орналасқан. Гиресун мұражайында ежелгі қола дәуірінен бастап Хетт, Эллин, Рим, Византия, Селчук және Османлы дәуірлерінің жәдігерлері, қарулар, киім мен ақшалары көрмеге қойылған.

Мұражайдағы сапарымыздан кейін Гиресун қамалына көтерілеміз.  Қамал ежелгі дереккөздерде «Қола қабырғалы қамал» деп аталған.  Қамалдың қашан салынғаны нақты белгілі болмаса да, қабырғаларының Эллин дәуірінен қалғаны болжалады.  Қамалдан Гиресун және Қаратеңіздің керемет панорамасын көруге болады. Қарсы алдыңызға, теңіздің ортасына қарай қарағанда, Гиресун аралы көрінеді. Қала орталығындағы сапарымызды аяқтағаннан кейін аты аңыздарда кездесеиін осы аралға барамыз.

Енді қамалдан төменге түсіп, дәл етектегі Капу мешітіне баралық. Бір күмбезді және кеспе тастан салынған мешіт қарапайым. Түрік-Ислам туындылары арасында маңызды орынға ие. Мешіттің дәл алдында ескі католик шіркеуі орналасқан. Көп жылдар бойы Балалар кітапханасы ретінде қолданылған. Ғимаратта готикалық сәулеттің іздері байқалады. Балалар кітапханасының ағаштан жасалған қақпасы – Гиресунның ең тамаша қақпа үлгілерінің бірі. Шіркеудің ішкі жағы оригинал нұсқасын сақтап қалған. Бұл жер едендегі мозаикасы, геометриялық және өсімдіктер бейнеленген беземелері, төбесімен Гиресунның ең назар аударарлық ғимараттарының бірі. Жақыннан назар салып қарауға кеңес беремін.

Гиресун қала орталығында жаяу баруға болатын тағы бір тарихи мекен бар. Мәриям Ана жартас шіркеуі. Бастапқыда шағын бір бөлме күйінде жартасқа ойылған осы шіркеу уақыт өте келе кеңейтілген. Ғимараттың ішіндегі бұлақ, су қоймасы мен су арнасы бүгінгі күнге дейін жеткен. Қабырғаларында фреска іздері байқалады.

Гиресун туралы баяндап бастадық, бірақ жаңғақ туралы айтпадық. Гиресунда көптеген жаңғақ түрі өседі.  Алайда әлемге танымалы – Гиресун томпақ жаңғағы. Әрі дәмі, әрі майының көптігі тұрғысынан көп таңдалады. Әлемнің ең сапалы жаңғағы деп есептеледі. Теңізден жел арқылы келетін минералдер де жаңғақтың хош иісі мен дәмін арттыра түседі. Гиресунда ауа температурасының, ылғалдылық пен жауын-шашынның жыл бойы теңгерімді болуы осы жаңғақтың дәмін басқа жаңғақ түрлерінен ерекшелендіреді.

Онда бәріміз бірге жаңғақ сататын жерге барып, жаңғақтың дәмін татып көрелік.  

**

Гиресун қала орталығындағы сапарымыз аяқталып қалды.  Аңыздарда аты кездесетін Гиресун аралына баруды жоспарлаған едік.  Бүгін үлгермедік.  Мен уәдемді орындаймын. Келесі аптада сапарымызды сол аралдан бастаймыз. Гиресунның адамды сиқырлап алатын табиғат кереметтері,  жағажайлары, жайлау мен сарқырамаларын аралаймыз.  Қайығымыздың қозғалатын уақытын ендігі біліп алдыңыздар.  Келесі апта сәрсенбі күні қайтадан теңізде сапарымызды бастаймыз.

Кеш қалып қоймаңыздар.



Ұқсас жаңалықтар