Өзбекстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы

Еуразия күн тәртібі 05

2097136
Өзбекстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы

Өзбекстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі жағдайы

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2024 жылғы алғашқы шетелдік сапарын 23-25 ​​қаңтарда Қытай Халық Республикасына жасады. Президент Мирзиеев Қытайға мемлекеттік сапары аясында Бейжіңде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи және Қытай премьер-министрі Ли Цянмен кездесулер өткізді. Жиында Ташкентте Қытай Эксим банкінің (Экспорт-импорт) Орталық Азиядағы филиалын ашу туралы шешім қабылданды. Си Цзиньпин мен Шавкат Мирзиеев екі ел арасында жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық орнатуға келісті. Келіссөздер нәтижесінде Өзбекстан мен Қытай арасында 15 келісімге қол қойылды. Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің өткен жылдың мамыр айында Қытай Халық Республикасына сапары барысында екі ел арасында 41 келісімге қол қойылған болатын.

***

Президент Мирзиеев бұдан кейін Шэньчжэнь қаласына барып, Қытай-Өзбекстан инвестициялық форумына қатысты. Сапар аясында Шавкат Мирзиеев Қытайдың алдыңғы қатардағы компанияларының бас директорларымен жеке кездесулер өткізді. Өзбекстанның Джизак облысында президент Мирзиеевтің қатысуымен қытайлық «BYD» компаниясы гибридті және электрлі көліктер шығаратын зауыттың ашылу салтанаты өтті. Өткен жылдың желтоқсан айында Өзбекстан қытайлық «Henan Suda» компаниясымен 2033 жылға дейін елде 50 мың электр зарядтау станциясын салу туралы келісімге қол қойған еді. Қытайдың Өзбекстанға салған инвестициясы 14 миллиард доллардан асты.

***

2023 жылдан бастап Қытай Өзбекстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі болды. Тараптар 14 миллиард долларға жеткен ортақ сауда көлемін алдағы жылдары 20 миллиард долларға жеткізуді мақсат етуде.

***         

Қытай мен Өзбекстанның аймақаралық ынтымақтастығы дами бастады. Соңғы жылдары өңіраралық форумдар, делегациялардың өзара сапарлары және тәжірибе алмасу жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мысалы 2024 жылы 22 қаңтарда Үрімжіде Қытай-Өзбекстан үкіметаралық ынтымақтастық форумы өтті. Қытайдың Өзбекстанға салған инвестициясын елдің әр өңірінен көруге болады. Өзбекстан байланыстарды арттыру үшін Қытай азаматтарына елге 10 күнге визасыз кіруге рұқсат берді.

***

Әзірге Өзбекстан мен Қытай арасындағы 7 қалаға әуе қатынасы бар. Жаңа келісімге сәйкес екі ел арасында шектеусіз 50 өзара рейс ұйымдастыруға рұқсат берілді.

***

Президент Мирзиеевтің Қытайға сапары аясында 2024 жылдың 22-23 қаңтарында Бейжіңде Қытай-Өзбекстан білім беру форумы өтті. Форумға екі елдің 147 университетінің ректорлары қатысты. Форумда Қытай-Өзбекстан университеттер қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды.

***

Қорыта айтқанда, Өзбекстан-Қытай қарым-қатынасы ең жоғары деңгейде. Екіжақты қарым-қатынастар энергетика, өнеркәсіп, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы және білім беру сияқты түрлі салаларда қарқынды дамып келеді. Жаңалықтарға көз жіберсек, Өзбекстан-Қытай қарым-қатынастары одан әрі дамитынын және президент Мирзиеевтің Қытайға жасаған мемлекеттік сапарының  өте сәтті өткенін  айта аламыз.

 

 



Ұқсас жаңалықтар