Бұғаздағы тамаша аудан - Кандилли

Капитанның борт журналы - 44

2102959
Бұғаздағы тамаша аудан - Кандилли

Бұғаздағы тамаша аудан - Кандилли

Теңіз және жаңа жерлер  көруге құштар адамдар қайығымыз «Жиһанкезге» қош келдіңіздер. Стамбулдамыз және бұғаздың ең тамаша аудандарын аралауды жалғастырамыз. Көркем үйлері және ағаштарымен, жап-жасыл төбелерімен атақты Кандиллиге барамыз бүгін.

**

Босфор бұғазы мықты ағындарымен танымал. Осы ағындарға ең көп назар аудару керек жерлердің бірі – Кандилли. Себебі бұғаздағы ағын Кандиллиден бастап екі есе, кейде одан да асып түседі. Сондықтан Кандиллині теңізшілер Босфор бұғазының ең қиын бұрылыс жері деп атайды.  Бірақ сіз уайымдамаңыз,  мен осы ағындарды жақсы білетін тәжірибесі мол теңізшімін. Сіздер жағалау бойы тізілген керемет үйлерді тамашалаңыз,  Кандилли кемежайына жақындауды мен өзім тындырамын.

Кандилли – Стамбулдың Анадолы жағасында орналасқан, тарихтың іздеріне толы ғимараттары және керемет панорамасымен жергілікті және шетелдік туристердің назарын аударған бір жер. Кандиллиге қарай жылжыған кезде бірінші көзге түсетін жағажай үйі  - Кыбрыслы үйі. Бұл жер бұғаздағы қабырғасы ең ұзын ғимарат. Артын жасыл алаңға жастанған үй 21 бөлмелі және үш негізгі бөлімнен тұрады.  Пьер Лоти және Франция патшайымы Евгения осы жағажай үйдің атақты қонақтары арасында болған.

Біраз жүргеннен кейін алдымызға Абуд Эфенди үйі шығады.  Қазір қайықпен саяхаттаудың артықшылығын бастан өткерудеміз.  Себебі осы жағажай үйі тек теңізден көрінеді.  Өткен ғасырдан қалған бұғазішіндегі сирек кездесетін ғимараттардың бірі. Теңдесі жоқ сәулетімен көздің жауын алады. Дәл қасында да басқа бір сұлу үй бар.  Түсі және сәулетімен назар аударатын осы жағажай үйі граф Леон Остророг үйі деп аталады.  Бір кездері Османлы сарайында кеңесші болып қызмет еткен лех графтың атымен аталатын осы үй Кандиллидегі ең керемет үйлердің бірі.

Кандилли кемежайына жақындап қалдық. Қайығымызды қалдырып,  Кандиллині аралауды бастайық.

Кемежайдың дәл қасында бізді Кандилли мешіті қарсы алады. Сырттан қарағанда едәуір қарапайым осы мешіт үлкен терезелері және фарфор әшекейлерімен назар аударады.  Осы жерден жағалау бойы жүріп отырып Эдип Эфенди үйіне жылжимыз. Жағажай үйі жоғарыда айтылған бұғаз ағындары ең қарқынды жерлердің біріне орналасқан. Сіздер де көріп тұрғандай,  осы ғимарат теңіздің шетінде емес,  теңіздің ішінде тұр. Бірнеше рет реставрациядан өткен осы ғимараттың бұғаз панорамасы да керемет.

Енді Османлының ханшайымдарының бірі Адиле Сұлтанның жазғы сарайына қарай жүреміз.  Адиле Сұлтан Османлы әулетіндегі жалғыз ақын әйел. Бұғазішінің керемет көрінісіне қарап тұрған осы сарай бір кездері қыздар лицейі ретінде қолданылған.  Сарай нәзік әшекейлері, биік шаңырағы және алтын жалатылған бұйымдарымен бір кездердің байлығын көрсетеді.

Енді артқы көшелерге барып,  Кандиллині жақыннан таниық. Себебі Кандилли тек теңіз жағасындағы жағажай үйлерімен ғана емес,  көшелерде орналасқан шағын сарайлары және үйлерімен де танымал. Османлы сәулетіндегі ескі ғимараттар қонақтарын басқа әлемге жетелейді. Бұғазға жететін осы көшеде орналасқан үйлердің барлығы қорғауға алынған. Енді сіз шаршамаған болсаңыз,  өрге қарай шығайық. Сіз бір-бірінен керемет ғимараттардың суреттерін түсірген кезде, мен де сіздерге Кандилли обсерваториясы туралы айтып берейін. Кандилли обсерваториясы Бұғазіші Университетіне қарасты жер сілкінісін зерттейтін институт.  Түркия жер сілкіну белсенділігі жоғары бір ел болғандықтан жер сілкінісіне байланысты зерттеулер едәуір маңызды.  Кандилли обсерваториясы да жер сілкінісі тақырыбында өте беделді мекемелердің бірі.  Обсерватория Османлы дәуірінде Бейоғлунда метеорологиялық бақылау жүргізу үшін қолданылған. Үлкен Стамбул жер сілкінісінен кейін осында жер сілкіністері зерттеулері жүргізіле бастаған. Обсерватория артынан Кандиллиге көшірілген.

**

  Бүгін де уақыт зымырап өте шықты.  Стамбулды аралап жүргенде уақыттың қалай өтіп кеткенін білмейміз. Солай емес пе? Өткен жылдар мен қазіргі сәттер бір-бірімен астасып жатқан Стамбулды аралау, түсіндіру бітпейді. Сіз келесі апта да қайығымызға келіп,  сапарды бізбен бірге жалғастырыңыз.



Ұқсас жаңалықтар