Жарылған өкшелерге арналған табиғи ұсыныстар

«Денсаулық зор байлық» - 03

1881216
Жарылған өкшелерге арналған табиғи ұсыныстар

Бұл бағдарламамызда өкшедегі жарықтар үшін табиғи емдеу әдістерін тілге тиек етеміз.

1.       Лимон 

Егер сізді өкшеңізде жарықтар  мазалайтын болса, жылы суға аздап лимон шырыны және тұз қосып, аяғыңызды 15 минуттай суға салып қойыңыз. Су салқындағанша аяғыңызды салып отырыңыз.  Содан кейін пемза тасымен өкшеңізді уқалаңыз. Соңында аяқтарыңызды таза сумен шайып, сүлгімен құрғатыңыз.

Бұл әдісті қолданғанда назар аудару керек нәрсе - судың тым ыстық болмауы. Өйткені ыстық су теріңізді құрғатып, өкшеңізді одан көбірек жарып жібереді.

Қолдануға болатын тағы бір әдіс - лимон шырынын сығып, қалған шұңқырлау жағымен өкшені уқалау. 

2. Алма сірке суы 

Ыдысты жылы сумен толтырыңыз. Оған жарты кесе алма сірке суын қосыңыз. Аяқтарыңызды осы суға 15 минут салып отырыңыз. Аяқтарды судан шығарғаннан кейін оларды пемза таспен ысқылауға болады. 

3. Ас содасы 

2 қасық ас содасын 3-4 тамшы лимон шырынымен араластырып, паста жасаңыз. Жылы сумен жуылған өкшеңізге дайындалған қоспаны жағып, 10 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін аяқтарыңызды қайтадан жуып, ылғалдандырыңыз. 

4. Шөптік тасымалдаушы майлар 

Зәйтүн майы, кокос майы, күнжіт майы немесе бадам майы сияқты теріге өте пайдалы бұл майлардың ортақ ерекшелігі теріні табиғи түрде ылғалдандырады.

Өкше жарығынан құтылу үшін аяқтарыңызды жылы суға қысқа уақыт салған соң өкшеңізді пемза тасымен ысқылаңыз. Содан кейін аяқтарыңызды тазалап, құрғатыңыз. Артынан осы майлардың бірімен табаныңызды уқалаған соң аяғыңызға шұлық киіңіз. Осылай ұйықтаңыз.

Бұл әдісті  өкше жарықтары толығымен жойылғанша күн сайын қайталауға болады. 

5. Шай ағашының эфир майы 

Аяғыңызды жылы сумен жуып, құрғатыңыз. Шай ағашының эфир майын өкшеңізге тамызып, саусағыңызбен уқалаңыз. Содан кейін аяғыңызға шұлық киіп, осылай ұйықтаңыз. 

6. Вазелин 

Аяғыңызды жылы суға малып болған соң, өкшеңізді пемза таспен ысқылаңыз. Содан кейін аяғыңызға вазелинді молынан жағып, аяғыңызға шұлық кигеннен кейін осылай ұйықтаңыз.

Қаласаңыз, вазелинді бір шай қасық лимон шырынымен араластырып, аяғыңызға жағуға болады. 

7. Авокадо 

Жарты авокадоны бананмен араластырып, езіңіз. Бұл қоспаны жарылған жерге жағып, 20 минутқа қалдырыңыз. Содан кейін жылы сумен шайыңыз. 

8. Ылғалдандыратын крем 

Күн сайын кешке аяқты жылы сумен жуып, пемза таспен ысқылап, содан кейін табанға ылғалдандыратын крем жағу өкше жарылуының тез жазылуына мүмкіндік береді.

Бұл әдісті душтан кейін қолдану өкшедегі жарықтардың пайда болуына жол бермейді.

Кремді жаққаннан кейін мақта шұлық киіп, табаныңызды жылы ұстауға болады. 

9. Бал 

Бір стақан жылы суға бал қосып, аяғыңызды 15 минуттай суға салып қоюға болады. Содан кейін аяғыңызды шайып, құрғатқан соң өкшеңізді пемза таспен ысқылау керек. 

10. Бал және зәйтүн майы 

1 шай қасық балды бір ас қасық зәйтүн майымен жақсылап араластырыңыз. Бұл қоспаны өкшеңізге жағып, 20 минутқа қалдырыңыз.  

11. Піскен банан 

Піскен бананды езіп,  өкшеңізге жағыңыз. Мүмкін болса, пюре болған бананмен аяғыңызды 5-10 минут ұқалаңыз.

Содан кейін аяғыңызды жылы сумен шайыңыз. Аяқтарыңызды 5-10 минут суық суға малыңыз. 

12. Күріш ұны 

Күріш ұнтағы арқылы өкшеңізде өлі теріні тазалай аласыз және осылайша жарықшақтардың алдын аласыз. Қолданылуы: 1 уыс күріш ұнтағын, бірнеше шай қасық бал және алма сірке суын паста болғанша араластырыңыз. Аяғыңызды жылы суға 10-15 минут салып, содан кейін құрғатыңыз. Соңында дайындаған пастамен өкшеңізді сүртіңіз. 

13. Эпсом тұзы 

Эпсом тұзын бір шелек жылы суға салып, аяғыңызды кем дегенде 10 минут суға батырыңыз. Кейін жұмсақ өкшелеріңізді пемза таспен ысқылаңыз. Содан кейін аяғыңызды эпсом тұзды суына қайтадан 10 минут салып қойыңыз.  Соңында аяғыңызды құрғатып, өкшеңізге ылғалдандырғыш крем жағыңыз. 

14. Раушан суы мен глицерин 

Глицерин мен раушан суын бірдей мөлшерде араластырыңыз. Түнде ұйықтар алдында қоспаны өкшеңіз бен аяқтарыңызға сүртіңіз, содан кейін шұлық киіп, ұйықтаңыз. 

Дайындаған: Дәрігер Мехмет Учар



Ұқсас жаңалықтар