Жетісай драма театры Анкарада көрерменнің көңілінен шықты

Драма театр ұжымы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын қойды.

2065476
Жетісай драма театры Анкарада көрерменнің көңілінен шықты
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (1).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (3).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (4).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (5).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (6).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (7).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (8).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (9).jpeg
Jetisay_tiyatro_Kazakistan_kazakça (10).jpeg

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы Анкарада көрерменнің көңілінен шықты.

Биыл 55 жылдығын атап өткен Жетісай драма театры Түркияның бас қаласы Анкараға гастрольдік іс-сапармен келді.

Кеше Түркияның жүрегі Анкарада Кескіндеме және мүсін мұражайы ғимаратында тарихи «Түрік ошағы» залында көрермен алдына шыққан драма театр ұжымы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын қойды.

Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы және Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың да 30 жылдығы, Жетісай драма театрының  55 жылдығы, Түркістан облысының 5 жылдығына тұспа-тұс келген гастроль аясында қазақ әдебиетінің  классикалық шығармаларының бірі Анкара төрінде сахналанды. Көкту қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен өткен қойылымды тамашауға Түріксойдың Бас хатшы орынбасары Саид Юсуф, Кечиөрен муниципалитетінің басшысы Тургут Алтынок, Қазақстанның Түркиядағы елшілік қызметкерлері, қазақ мәдениетін жанына жақын сезінетін түрік ағайындар,  қазақстандық студенттер мен қазақ қандастар келді.

Жетісай театрының актерлері қазақтың біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов жазған осы  пьесадағы қазақ халқының бай дәстүр-салтын, өнерін, әзіл-қалжыңын, мінезін барынша мол бояуымен беріп, түркиялық театр сүйер қауымға жеткізе білді. Әсіресе қазақ театр ұжымының сахна беземесі, актерлердің костюмдері, сахнаны қолдану ерекшеліктері тәнті қылды.

Сахнада Жарас ролін Қазыбек Әуелбек сомдады.  Айман мен Шолпанды ойнаған Балжан Тағандұрды мен Райхан Әжібек қос сұлудың ақылын да, ажарын да, орынды әзілін де, әнін де жеткізуге тырысты. Сонымен қатар Маман байды Болат Баймағанбетов, Көтібар образын Бақытжан Қаппаров, Теңгені Бақтыгүл Қалдарбекова, Әлібек пен Арыстан образдарын  да Абылайхан Қыдыралиев пен Өмірзақ Айдаров сомдады.

Театр актерлері өз шеберліктерімен Анкара көрерменін баурап алды.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымы Анкара көрерменінің жадында сақталатын кеш сыйлады.

Актерлер кейіннен Анкара сапары шеңберінде Түркияның бас қаласының тарихи және мәдени орындарын аралады.



Ұқсас жаңалықтар