09.07.2014 күнгі түрік баспасөзі

Газеттер Түркия тұрғысынан маңызды жаңалықтарға орын берген.

122796
09.07.2014 күнгі түрік баспасөзі

Йени Шафак газеті «Қырғын жолында еркіндік шеруі» атты хабарында Сребреницада 19 жыл бұрын 12 мыңнан астам босниялық азамат серб зұлымдығынан қашқан «өлім жолында» шеру өткенін білдірген. Шеруге түрлі елдерден мыңдаған адам қатысты. Газеттің хабарына қарағанда, шерудің биыл оныншысы өткізілді. Бес мың адам күніне 35 км жүріп өтіп, 11 шілде күні Поточаридегі ескерткіш монументке дейін барады.


Стар газеті «Газа оқ астында» атты хабарында Израильдің Батыс Шерияда мүрдесі табылған үш еврейден кейін Газаға соғыс ашқанын хабарлаған. Израиль соғыс ұшақтарының бірінші шабуылында 20 палестиналық азамат қаза тапты. Араб Одағы Біріккен Ұлттар Ұйымын жедел бас қосуға шақырды.


Хүрриет газеті осы жайлы хабарын «Израиль жанды қалқандарды өлтірді» деген тақырыппен жариялаған. Газет Израиль мен Хамас арасында қызудың шыңына жеткенін жазған. Ислами Жихад пен Хамас ұйымдарының ракеталарына жауап ретінде Израиль Газада 150 нысанды атқылады. Түркия да Израильдің бомбалауының тоқтатылуын сұрады.


Акшам газеті Экономика министрі Нихат Зейбекчинің мәлімдемесіне орын берген. Қаңтар айындағы Жапония сапарында премьер-министр Ердоған мен Жапония премьер-министрі Абенің нұсқауымен күн тәртібіне келген Экономикалық серіктестік келісіміне байланысты техникалық кездесулердің аяқталғаны білдірілді. Министр Зейбекчи сәтті кездесу өткізгендерін айтып, екі ел арасындағы қатынастарды нығайтатын келісім-шартта келіссөз үдерісінің басталатынын атап көрсетті.


Стар газеті «Жіппен жазылған Құран Гиннесске кандидат» атты хабарында сириялық Мұхаммед Махер Хадринің өнеріне орын берген. Хадри 12 жыл бойы матаның үстіне жіппен Құран кітабын жазды. Осы кітап Стамбулда көрмеге қойылды. Газет дүние жүзінде жіппен жазылған тұңғыш Құран болып табылатын, ұзындығы 80 см, ені 60 см туындының Гиннесс рекордтар кітабына енуге кандидат екенін хабарлаған.


Хүрриет газеті Түркияның Еуропадан асып түскенін және 141 ғимаратымен құрлықта ең көп «аспан тіреген үйге» ие ел екенін білдірген. 100 метрден биік ғимараттар тізімінде екінші кезекте 116 ғимаратпен Ресей тұр.


Сабах газеті болса футболда кешегі Германия Бразилия кездесуіне орын берген. Германия Бразилия командасын адам сенгісіз есеппен жеңді және ақтық шығуға лайықты болды.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар