Түрік баспасөзіне шолу

Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.

2070903
Түрік баспасөзіне шолу

Ватан газеті Ердоғанның Грекияны диалогқа шақырғанын жазған. Президент Режеп Тайып Ердоған елдер арасындағы келіспеушіліктердің табиғи екеніне тоқталып, «Ең бастысы бұл келіспеушіліктерді тығырыққа тірелмей тұрып шешу ерік-жігері» деді. Түркияның осындай ерік-жігері бар екенін айтқан Ердоған «Отырып сөйлескенде еңсере алмайтын проблемамыз жоқ деп есептейміз. Желтоқсанның 7-сі күні жоспарлаған Грекия сапарына деген көзқарасымыз да осы бағытта» деді.

Хабер Түрік газеті «Ердоған: Израиль заң алдында жауап береді» деген хабар жариялаған. Хабарға қарағанда, Президент Ердоған Израильдің заң алдында жауап беретінін айтты. Ердоған «Газада ғасырдың ең үлкен зұлымдықтарының бірін жасаған Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху «Газа қасабы» ретінде атын тарихқа жазып үлгерді» деді.

Хүрриет газеті «Ердоғанның сөздері әлемдік баспасөзде» деген тақырып қолданған. Президент Ердоғанның «Нетаньяху өз атын «Газа қасабы» ретінде жазып қалдырды» деген сөзі бүкіл әлемде резонанс тудырды. Ақпарат агенттіктері Ердоғанның мәлімдемелерін оқырмандарына «шұғыл» деген кодпен жариялап, көптеген газет те осы оқиғаға кең орын берді.

 Стар газеті «Түркияның Газадағы рөлі» деген тақырып қолданған.  Израиль мен оны қолдаушылардың Израиль-Хамас қақтығысындағы дезинформациясына қарамастан, батыс пен басқа аймақтардағы миллиондаған адам Түркия мен Катар сияқты бірнеше елдің ақпарат құралдарының арқасында оқиғаның Израиль айтқандай еместігін көрді. Сондықтан өз реакциясын көрсету үшін көшеге шықты. Осы сәттен бастап Израиль «түйсік соғысында» жеңіле бастады.

Йени Шафак газеті «Еуропа Одағынан Түркияға Газа хабарламасы» деген хабарға орын берген. Хабарға қарағанда, Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жоғары өкілі Жозеп Боррель Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісіне қатысты дерлік барлық қақтығыстың шешілуінде маңызды рөл атқаратын Түркиямен байланысқа шығуға дайын екендерін мәлімдеді.



Ұқсас жаңалықтар