"Содырлардың қайта оралуы аймақтағы радикализмді ушықтыруы мүмкін"

Ерлан Қарин 2018 жылы Орталық Азияны күтіп тұрған саяси және экономикалық оқиғаларды баяндап берді.

883982
"Содырлардың қайта оралуы аймақтағы радикализмді ушықтыруы мүмкін"

Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесі (ҚХҚК) Таяу Шығысқа Орталық Азиядан аттанған содырлардың қайта оралуы аймақтағы радикализмді ушықтыруы әбден мүмкін екенін білдірді.

Кеңес төрағасы және белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Астанадағы Қазмедиа ғимаратында 2018 жылы Орталық Азияны күтіп тұрған саяси және экономикалық оқиғаларды баяндап берді.

2018 жылы Орталық Азия елдерінің экономикасы өсетінін меңзеген Қарин: « Орташа экономикалық өсім Қазақстанда 2-3 пайыз,  Қырғызстанда 3-3,5 пайыз,  Тәжікстанда 5-6 пайыз,  Өзбекстан мен Түрікменстанда 6 пайыз болады» деді.

Энергия тасымалы,  кен және егіншілік өнімдерімен қоса мұнай бағасының артуының экономикалық өсімге жақсы әсер ететініне назар аударған Қарин интеграция үрдісінің де аймақ экономикасының жақсаруы үшін қосымша пайда тигізетінін алға тартты.

Қарин 2018 жылы Орталық Азия елдерінің жаңа ынтымақтастықтардың жолдарын іздестіретінін айтып,  Қазақстан-Өзбекстан, Қырғызстан-Өзбекстан, Қазақстан-Қырғызстан, Қазақстан-Өзбекстан-Түрікменстан арасында екі жақты және үш жақты серіктестіктердің жылдамдай түсетінін білдірді.

Биыл Түрікменстанда өткізілетін парламенттік сайлаудың аймақта көп өзгеріске жол ашпайтынын айтқан Қарин  Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың саяси теңгерімді өзгерту үшін елде парламенттік сайлауды ерте өткізуге талпынуы мүмкін екенін алға тартты.

Таяу Шығыстағы хаос, Ауғанстандағы тұрақсыздық пен аймақтағы радикализмнің Орталық Азия елдері үшін жаңа қауіп-қатер қалыптастыратынына назар аударған белгілі саясаттанушы Сирия және Иракқа Орталық Азиядан аттанған содырлардың қайта оралуы аймақтағы радикализмді ушықтыруы әбден мүмкін екенін білдірді.

«Сарапшылардың мәліметі бойынша аталған екі елдің территориясында түрлі лаңкестік топтардың құрамында Орталық Азияның 5 мыңға жуық азаматы соғысты. Енді жүздеген содырлар сан алуан жолдармен, сан алуан мақсаттармен қайта оралып жатыр. Бұдан бөлек, "ұйқыда жатқан" радикалдар тағы бар. Сондықтан биыл аймақ елдеріне лаңкестікке қарсы шараларға баса назар аударуға тура келеді» деді ол.

Қарин биыл Қытайда болатын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитінің 2018 жылдың ең маңызды шараларының бірі болатынын атап көрсетті.  Ол саммитке бірінші рет жаңа мүшелер- Үндістан мен Пәкістанның да қатысатынын білдірді.

2018 жылы Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тақырыбының да жаңа өріс алатынын білдірген Ерлан Қарин Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжатқа биыл қол қойылуы мүмкін екенін айтты.



Ұқсас жаңалықтар