Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жайлы келісімге келді

Тәжікстан мен Қырғызстан 2023 жылы даулы шекараның 169,48 шақырымдық учаскесі бойынша келісімге келді.

2100197
Қырғызстан мен Тәжікстан шекара жайлы келісімге келді

Тәжікстан жер ресурстарын басқару және геодезия мемлекеттік комитеті мен топографиялық жұмыс тобының төрағасы Ориф Хоказаде ел астанасы Душанбеде өткізген баспасөз мәслихатында елі мен Қырғызстан арасындағы даулы шекараға байланысты мәлімдеме жасады.

Хоказаде «2023 жылы Тәжікстан мен Қырғызстанның топографиялық жұмыс топтары 15 кездесу өткізіп, нәтижесінде 169,48 шақырымдық мемлекеттік шекара сызығын анықтау жұмыстары жүргізілді. Осы таңға дейін жиыны  889,45 шақырымдық Тәжікстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының белгіленуі аяқталды» деді.

Осы уақытқа дейін анықтаған ортақ шекараның Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы жалпы шекараның шамамен 90 пайызын құрағанын түсіндірген Хоказаде мәселенің тез арада шешілуін қалайтындарын айтты.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 972 шақырымдық ортақ шекараның шамамен 90 пайызына сәйкес келетін 889,45 шақырымдық учаске бойынша келісімге қол қойылды. Қырғызстанның Баткен қаласында 30 қаңтар мен 5 ақпан аралығында соңғы рет кездескен тараптар шекараның 3,71 шақырымы бойынша келісімге келіп, хаттамаға қол қойған болатын.

Тәжікстан мен Қырғызстан арасында шекаралық дауларға байланысты ара-тұра шиеленіс пен қақтығыстар туындаған. Екі ел арасындағы соңғы қақтығыс 2022 жылдың 14 қыркүйегінде болған. Қақтығыста екі жақтан ондаған адам қаза тапқан еді.



Ұқсас жаңалықтар