ТМД басшылары бас қосты

2024 жылы ТМД-ға Ресей басшылық етеді.

2081185
ТМД басшылары бас қосты

Ресей президенті Владимир Путин Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) аясында Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыратындарын мәлімдеді.

Кремльдің мәлімдемесіне сәйкес, ТМД-ға мүше елдердің басшылары Ресейдің Санкт-Петербург қаласында кездесті. Санкт-Петербургтегі бейресми кездесуде сөйлеген сөзінде Путин Ресейдің 2024 жылы ТМД-ға төрағалық ететінін және елінің іс-шараларға қатысты шамамен 150 тармақтан тұратын жоспар дайындағанын айтты.

Владимир Путин «Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдау, терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен және сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз» деді.

ТМД-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың жақсарғанына назар аударған Путин «Өткен жылы елдеріміз арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде өсті. Мәліметтер бойынша сауда көлемі соңғы 10 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өсті. Яғни  83,7 млрд долларға жетті. Ұлттық валютамен төлем үшін  ТМД елдерімен жұмысты жалғастырамыз. Бұл біздің мемлекеттеріміздің экономикалық және қаржылық егемендігін одан әрі нығайтады деп сенеміз» деді.

Мәдениет саласындағы дамып келе жатқан қарым-қатынастарға тоқталған Путин "Ресейдің төрағалығы кезінде халықтарымыз арасындағы байланысты сақтау мен нығайтуды және бүкіл ТМД аумағында достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуды басты міндетіміз деп санаймыз. Осы тұрғыда мүмкіндігінше тығыз жұмыс істеуге бел будық» деді.



Ұқсас жаңалықтар